Жүгіру жолы • Қазіргі заманғы мектеп-лицей-бұл баланың кең білім тәжірибесін жинақтайтын орын
Кіру
AA+
Жүгіру жолы • Қазіргі заманғы мектеп-лицей-бұл баланың кең білім тәжірибесін жинақтайтын орын
AA+

2026 жылғы 24 сәуірде «Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Қостанай қаласы білім бөлімінің №15 жалпы білім беретін мектебі» КММ-де төтенше жағдайлардың алдын алу және білім алушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында жоспарлы эвакуациялық оқу-жаттығу өткізілді.

Іс-шараның алғашқы кезеңінде мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маженова Салтанат Толендиновна мектеп оқушыларынан құралған «Жас құтқарушы» ұйымының мүшелеріне арнайы дәріс ұйымдастырды. Ол 2026 жылғы 13–19 сәуір аралығында «Ұлттық волонтерлік желісі» ЗТБ мен Caravan of Knowledge қоғамдық қорының, Chevron компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіз мінез-құлық пен қауіпсіз эвакуация негіздері бойынша 15 академиялық сағаттық онлайн оқыту курсынан өткен маман ретінде өз тәжірибесімен бөлісті.

Дәріс барысында төтенше жағдай туындаған кездегі алғашқы іс-қимыл алгоритмдері, адамдарды қауіпсіз эвакуациялау тәртібі, дүрбелеңнің алдын алу, қауіпсіз бағыттарды таңдау, эвакуация кезіндегі жауапты тұлғалардың міндеттері мен алғашқы көмек көрсету қағидалары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, «Жас құтқарушы» ұйымының мүшелеріне мектеп оқушыларын ұйымдасқан түрде эвакуациялаудағы көшбасшылық рөлі мен жауапкершілігі ерекше атап өтілді.

Оқу-жаттығудың екінші кезеңінде мектеп әкімшілігі, педагогтер және «Жас құтқарушы» ұйымының мүшелері бірлесе отырып, барлық білім алушыларды мектеп ғимаратынан тыс орналасқан қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстарын ұйымдастырды. Эвакуация барысында әр қабаттағы жауапты педагогтер мен жас құтқарушылар оқушылардың тәртіп сақтап, белгіленген бағыт бойынша қауіпсіз шығуын қамтамасыз етті.

Іс-шараның жалпы үйлестіру жұмыстарына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арыстан Нұралы Нұрланұлы жетекшілік етіп, оқу-жаттығуының ұйымдастырылуын бақылап, қауіпсіздік талаптарының толық сақталуын қамтамасыз етті.

Оқу-жаттығуы белгіленген талаптарға сәйкес сәтті аяқталды. Барлық оқушылар мен қызметкерлер 7 минут 31 секунд ішінде мектеп аумағынан толықтай эвакуацияланып, қауіпсіз аймаққа жеткізілді. Эвакуация аяқталғаннан кейін қатысушыларға қауіпсіздік ережелері тағы бір мәрте түсіндіріліп, төтенше жағдай кезінде әр адамның өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілігі ерекше екені айтылды.

Мұндай практикалық оқу-жаттығулар білім алушылар мен педагогтердің төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекет дағдыларын жетілдіруге, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және кез келген төтенше жағдайға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Мектебімізде алдағы уақытта да оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған профилактикалық және тәжірибелік іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.